Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Өзгенің қайғысы болмайды

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғи және техногендік апат салдарынан еліміздің 12 өңірі су тасқынының зардабын тартып отыр. Су астында қалған қалалар мен аудан, ауылдарда инфрақұрылым бұзылып, қатынастың жолы кесіліп жатыр. Өзгенің қайғысы болмайды, бұл ортақ мәселе. Осынау қиын сәтте ұйымшылдық танытып, үрей құшағындағы халыққа рухани және материалдық тұрғыда көмек қолын созып, олардың ауыр қайғыларына ортақтасу - біздің азаматтық борышымыз. Бұл – рухы мықты халықтың қолынан келетін есті шаруа.

Өзгенің қайғысы болмайды

Фото: aikyn.kz

Дүниедегі ең бақытты адам –  тағдырына шүкіршілік еткен адам. Халқымыз бұдан қиын кездерді де бастан кешірген. Мұраты биік ұлтымыз қандай қиыншылықтар болмасын, олардың бәрін бір-біріне арқа сүйеп жеңе білген. Сол арқылы халқымыз біртұтас берік ұлт екенін өзгелерге мойындата білген.

Қазақ ұғымында «төрт құбылаң тең болсын» деген баталы сөз бар. Құбыла – әлемнің төрт аспаны – батысы мен  шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі.  Біздің осы төрт құбыламыздың берік болуында халқымыздың кез келген қиындыққа шыдамдылық танытып, ұйымшылдықпен шыға білуін көрсетеді.

Қазір түрлі ұйымдар мен қорлар, сондай-ақ жекелеген компаниялар тасқыннан зардап шеккен ағайындарға қолдау білдіріп жатыр. Осы қатардан ғылым ортасы мен жекелеген оқу орындары ұжымдарын көре алмай отырмыз. Басына іс түскенде егіліп-төгілгеннен гөрі, жиылып-терілген адам сынақтан сынбай өтеді.

Біз, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Металлургия және кен байыту институтының ұжымы зардап шеккен аймақтарға бір күндік жалақымызды аударуға ұйғарым жасап отырмыз. Егер еліміздің ғалымдары бір күндік жалақыларын аударса, орасан қаржы жиналар еді. Бұл ақшаға үйлерінен айрылып қалған отбасыларға жаңа баспана салып беруге болар еді. Жалқының бақыты – жалпының бақытымен жалғанғанда ғана өміріміз баянды болмақ. 

Тіршіліктің тынысы желмен келеді, желмен кетеді. Амал достың төрінен, адал достың босағасы қадірлі дегенде осыны айтса керек. Тарих бізге тағылым үшін қажет. Несі болғанынан гөрі, несі қалғаны маңызды. Жақсы тілеу тілесең, ішінде өзің де барсың, жаман тілеу тілесең, қорлықта қалған жансың. Еліміздің барлық ғалымдары мен ғылыми-зерттеу институттарын осы бастамаға қолдау білдірлеруін сұраймын.

 

 

Б. КЕНЖАЛИЕВ,

Металлургия кен байыту институтының Бас директоры,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

техника ғылымының докторы, профессор